Басты жаңалықтар

Ақтөбеде батыс айналма жолы салынады

Келер жылдан бастап Ақтөбедегі облыстық және аудандық маңызы бар жолдар  шетелдік инновация негізінде салынбақ. Қазіргі күні осы бағытта канадалық компаниямен келіссөзжүргізіліп жатыр.  Бұл туралы «2018-2019 жылдардағы жол инфрақұрылымын дамыту, ірі жол жобаларын іске асыру» тақырыбында өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов мәлімдеді.

 Жол құрылысына 20 миллиард теңге бөлінді

Ақтөбеде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы — 6938,1 шақырым. Оның 1885,8 шақырымы республикалық маңыздағы жолдың үлесіне тиеді. Бүгінгі күні облыс аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдың 56 пайызы, яғни 1061 шақырымы, ал облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 53 пайызы немесе 2663,25 шақырымы  қанағаттанарлық жағдайда.

Жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына қаражат тұрақты бөлініп жатыр. Былтыр бұл бағытқа қазынадан 15 миллиард теңгенің үстінде қаржы бөлінсе,  ал биыл 20 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылды. Бұл — республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаржы. Жыл сайын осы бағытқа қомақты қаражаттың тұрақты бөлінуінің арқасында жол сапасын 3-5 пайызға жақсартудың мүмкіндігі туып отыр, — деді М.Ибрашов.

Қазіргі таңда облыс аумағында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұндай жұмыстар облыс орталығынан бөлек, әр ауданда да көрініс табуда. Соның бірі — облыстық маңыздағы Ақтөбе-Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе бағытындағы жол. Жолдың  жалпы ұзындығы — 375 шақырым.

Қазір Шұбарқұдық, Ойыл бағытындағы  жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қобда, Ақырап, Жиренқопаға жеткізетін жол аралығы күрделі жөндеуді талап етеді. Сондықтан бұл жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Аталған жоба келер жылы толығымен  аяқталады.Былтыр біз Ақтөбе-Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе бағытындағы жолдың 260 шақырымына орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын  жүргіздік. Жалпы  жолға  орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көп қашықтықты қамтып, қалпына келтіруге мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

 Биыл 285 шақырымдық жол жөнделеді

Оның айтуынша, биылғы жылы жоспар бойынша барлығы 285 шақырымдық жол жөнделеді. «Жұмысты толығымен аяқтауға мүмкіндік бар. Қарастырылған қаражат уақтылы игеріліп жатыр. Бұл жұмыстарға тартылған мердігер компаниялар өз міндеттерін жоспарға сай орындауда», — дейді ол.

Бүгінде аймақта жол инфрақұрылымын дамыту ісі Ақтөбе қаласы аумағында да қарқын алған. Соның бірі — айналма жол құрылыстарын салу ісі.

Ақтөбе қаласы агломерация аумағына  кіреді. Сондықтан қаланың үстімен «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі, сондай-ақ Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Атырауға қатынайтын транзиттік бағыттар өтеді. Жол үстіндегі транзиттік көліктерді қала ішіне кіргізбей, айналма жолдар арқылы өткізу бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Айта кетсек, 2011-2013 жылдары Ақтөбе қаласы аумағында солтүстік айналма жол құрылысы салынды. Қазіргі күні оның пайдасын көріп жатырмыз. Мәселен, Хромтау бағытынан келетін көліктер қалаға кірмей, тікелей Ресейге бағыт алады. Сол сияқты, қазіргі күні қала аумағында оңтүстік айналма жолдың құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзындығы — 35 шақырым. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар 2021 жылы аяқталуы да тиіс. Жобамерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Ақтөбе қаласы аумағындағы айналма жолдар құрылысын толық аяқтау үшін қосымша батыс айналма жолын салуға да техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Бүгінгі күні бұл жобаға қатысты құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Батыс айналма жолының жалпы ұзындығы — 15 шақырым. Егер осы  жұмыс толық аяқталса, қалаға жан-жақтан кіретін барлық жолды толықтай біріктіретін болады. Сол кезде транзиттік транспорттардың қала ішіне кірмей, сырт айналып өтуіне толық мүмкіндік жасалады, — деді М.Ибрашов.

Жол инфрақұрылымын дамыту ісіне қатысты қолға алынған тағы бір ірі жоба — қала аумағына 16 шақырымы кіретін Ақтөбе-Орск бағытындағы тасжол.  Бүгінгі күні бұл жолдың 8 шақырымына жөндеу жүргізілген. Бірінші дәрежелі, төрт жолақты жол пайдалануға берілгенімен, бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет. «Біз қала аумағына айналма жолдар салу арқылы көлік кептелісін болдырмауды басты назарда ұстаймыз. Аталған жобаның жалпы құны — 3,9 миллиард теңге. Келер жылы жобаны іске асыру үшін 1 миллиард теңге көлеміндегі қаражатқа республикалық бюджетке өтінім берілді. Егер рұқсат берілсе, Ақтөбе-Орск бағытындағы тасжолдың 8-16 шақырымына жөндеу жүргізілетін болады, — дейді басқарма басшысы.

Жол құрылысына қатысты ірі жобалардың бірі — Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аумағындағы жол өткелінің жұмыстары бүгінде толығымен аяқталыпты.

Мәлімбет Ибрашовтың айтуынша, ауыларалық, көше жолдары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бүгінде Ақтөбе қаласының Батыс-2, «Нұр-Ақтөбе» шағын аудандарында осы бағытта нақты іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.  Батыс-2 шағын ауданының Мәңгілік көшесіндегі екі жолақты жолды төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстарықолға алынған. Бұл— жол құрылысына қатысты ірі жобалар қатарында жүзеге асырылуға тиіс шара.

Қазіргі күні Ақтөбе қаласының Сельмаш ауданында көпір құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, биыл көпірдің бір бөлігі салынып, пайдалануға беріледі. Ал келер жылы бұл жоба толығымен аяқталмақ.

Қандыағаштың жолы қашан жөнделеді?

Осы тұста облыстық маңыздағы жолдарға да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта кету керек. Соның бірі — Қобда-Мәртөк, Ақтөбе-Бадамша-Хромтау бағыттарында жол жөндеу жұмыстары қызу қарқын алған.

Аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу шаралары  да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Нақтырақ айтсақ, қазір Хромтау ауданының Тассай, Тасөткел ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделіп жатыр. Сол сияқты Қобда, Мәртөк, Шалқар аудандарында да осы бағытта жұмыстар қолға алынды. Шалқар-Бозой аралығындағы жолды қалпына келтіру шаралары басталып кетті, — деді ол.

Басқарма басшысы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасын іске асыру аясында елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстары да келер жылдан бастап қолға алынатынын айтты. Сол сияқты, аймақтарды дамыту, «Нұрлы жол» бағдарламалары шеңберінде де нақты жұмыстар іске асырылатын болады.

Бүгінгі күні халықтың көбісі Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы жолдың нашарлығын айтып, шағымданады. Бұл мәселе түрлі әлеуметтік желілерде де көрініс тапты. Мұны құзырлы орган өкілдері жоққа шығармайды.

Республикалық маңыздағы Ақтөбе-Қандыағаш бағытындағы тасжолдың жағдайы сын көтермейді. Болашақта бұл бағытта жөндеу жұмыстарын жүргізу ойымызда бар. Соған балама Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық бағытын да жөндеу қарастырылады. Яғни, Шұбарқұдық ауылының тұрғындары облыстық маңыздағы орташа жөндеуден өткізілген жолмен жүретін болады, — деді М.Ибрашов.

Канадалық концентрат жол сапасын жақсарта ма?

Брифингте басқарма басшысы аймақта жол инфрақұрылымы сапасын жақсартудағы инновациялық мүмкіндіктер жайында да сөз етті.

Ақтөбе аумағындағы жолдар халыққа ұзақ жыл қызмет етті. Негізінен біз жол құрылысын дәстүрлі әдіспен жүргіземіз. Жол құрылысына дәстүрлі емес инертті материалдар қолданылады. Яғни, асфальт-бетон жамылғылары төселеді. Алайда біз салынған жол құрылысының сапасына ерекше мән береміз. Әрине, бұл орайда білікті мамандардың алар үлесі зор. Бүгінгі күні құрылысқа импортты техникалар пайдаланылатын болғандықтан, оны басқаруға да білікті мамандардың отырғаны дұрыс. Сол сияқты, асфальт-бетон шығаратын зауыттарда білікті операторлардың жұмыс жасағанына ерекше мән беріледі. Яғни шығарылатын өнімнің сапасы басты назарда болуы тиіс. Жол құрылысының сапасын жақсартуда инновациялық мүмкіндіктер де қарастырылды. Былтыр оңтүстік айналма жол құрылысын салу барысында геотекстиль пайдаланылды. Геотекстиль — синтетикалық тоқылмаған материал. Бұл материалдың құрылыс сапасын жақсартудағы мүмкіндігі сол, жолдың ұзақ жылдарға қызмет етуіне ықпал етеді. Геотекстиль арматура есебінде пайдаланылады. Егер құрылысқа осы материал пайдаланылса, жолдың негізі берік бола түспек, — деді басқарма басшысы.

Мәлімбет Ибрашовтың айтуынша, қазіргі күні жол инфрақұрылымы сапасын жақсартуда инновациялық мүмкіндіктерді канадалық компаниямен бірлесіп жүргізудің де сәті түскен. Қазіргі күні екі ел арасында көліссөздер де жүргізіліп жатыр.

Канадалық компания жол құрылысын инновациялау турасындағы біздің ұсынысымызды қабыл алды. Олар бізбен жұмыс жасауға дайын. Ал біз биыл жол құрылысына канадалық компания өндіретін концентратты пайдалану үшін пилоттық жоба әзірлеп үлгеруіміз қажет. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердің жолдарын жөндеу жұмыстарын жылдамдатуға мүмкіндік бермек. Себебі, ондай инновацияны біз қалада жүзеге асыра алмаймыз. Өйткені қала көшелерінің жолдарында қозғалыс қарқындылығы, жол жүктемесі айтарлықтай көп. Сондықтан бұл инновацияны әуелі ауылдық жерде жүзеге асыруды ойластырып отырмыз, — деді М.Ибрашов.

Оның айтуынша, канадалық компанияның жол сапасын жақсартуға қатысты енгізетін инновациясы — топырақты тұрақтандыруға арналған концентрат. Яғни осы эмульсия ретіндегі концентраттың күшімен жер төсемі беки түспек.  Құрылыста бұл қоспа суға араластырылып пайдаланылады. Әрине, оның да өз мөлшері бар. Содан кейін ғана  асфальт жамылғысын төсеуге мүмкіндік болады.

Эмульсия ретіндегі концентратты жол құрылысында пайдалану үшін оның мөлшеріне ерекше мән берілу қажет. Бұл жерде зертхана мамандары нақтыжұмыс жасауы тиіс. Әрбір учаскеге байланысты топырақ құрамына қосатын концентраттың мөлшерін айқындау үшін зертханалық жұмыс жүргізілуі тиіс. Өйткені, біздегі климаттық жағдайды Еуропа елдерімен салыстыруға болмайды. Жаңа инновация өз сипаттамасына сай қолданысқа енгізілуі керек, — деді басқарма басшысы.

P.S. Қазіргі күні Ақтөбе аумағындағы облыстық және аудандық маңыздағы жол құрылысына 10 мердігер компания тартылған. Олардың барлығы — отандық кәсіпорындар. 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button